Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Меркі ауданында жұмыс сапарымен болып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандардың жағдайымен танысты.

Облыс басшысы алдымен Жамбыл ауылындағы №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне ат басын бұрып, ондағы ахуалды көзбен көрді. Іргетасы 1956 жылы қаланған мектеп ғимараты өткен жылы апатты деп танылып, жұмысы тоқтатылған болатын. 549 оқушының спортпен шұғылдануына жол ашқан мектеп ендігі жерде жаңа ғимаратты қажет етеді. Сәйкесінше, бүгінде жаңа спорт мектебінің құрылысына қажетті жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге аудандық бюджеттен 5,5 миллион теңге бөлініпті.

Сонымен бірге, облыс әкімі Андас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығында болып, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы шаруаларға малды қолдан ұрықтандыру мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтып, жаңа технологияның тиімділігін жіліктеп түсіндірді. Тіпті, іргелес жатқан Қытай Халық Республикасында малды қолдан ұрықтандыруға баса назар аударатынын, бұл өз кезегінде жыл он екі ай бойы малдан өнім алуға мүмкіндік беретінін мысалға келтірді.

Жалпы, 2016 жылдың наурыз айында құрылған «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамында бүгінде 47 шаруа қожалығы бар. Өткен жылы шаруашылық құрылымдағы 1 097 бас сауын сиырдан 2 950 тонна сүт сауылып, «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткеріліпті.

Мұнан соң, аймақ басшысы «Сыпатай батыр» кеден бекетіндегі құрылысы аяқталмаған қызметтік тұрғын үйдің жағдайын көзбен көрді. Кеден қызметінің тарқатылуына байланысты аяқталмай қалған нысан қазір облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің иелігінде. А.Мырзахметов аудан әкімдігіне бос тұрған ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 20 жас маманға тұрғын үй ретінде беру жолдарын қарастыруды тапсырды.

Келесі сәтте облыс әкімі «Орталық Азия қант бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі бөлімшесінде болып, қайта жаңғыртудан өткен кәсіпорынның әлеуетімен танысты. 2003 жылдан бері қант өндірумен айналысатын серіктестікте 593 адам жұмыс жасайды. Ақпан-маусым айларында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жұмысын тоқтатқан кәсіпорында тек соңғы 7 айдың ішінде жалпы құны 14 миллиард 654 миллион теңге болатын 73,8 мың тонна шекер өндірілген. Биыл қант зауыты 140 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, өңір басшысы Ойтал ауылының жанындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы – Меркі өндірістік бөлімшесі меншігіндегі Үлкен Шу каналының батыс тармағына барды. Мұнда 2012-2013 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін Үлкен Шу каналы арқылы 10 813 гектар алқапты суландыру үшін су көлемінің артуы жақын маңдағы Заводская көшесінің тұрғындарына жайсыздық туғызып келген.

Жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов ет консервісін, ет және шұжық өнімдерін шығаратын «Меркі ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмыс жағдайын көзбен көрді. Кәсіпорын жыл сайын 250 тонна шұжық пен 262 мың дана консерв банкісін шығарады. Ал, тәулігіне 300 бас ірі қара және 1 300 бас ұсақ мал сойылады. Өткен жылы экспорт көлемі 213,1 тоннаны құраған. Оның ішінде 34,5 тонна ет Бахрейн мемлекетіне, 178,6 тонна ет Иран мемлекетіне экспортталған. Сонымен бірге, кәсіпорында құны 100 миллион теңге болатын ет өнімдерін қаптайтын цех іске қосылыпты.
Облыс басшысы Жамбыл ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан «Көлтоған» су қоймасының да жағдайына баса назар аударды. 2015 жылы нысанға 5,1 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жасалынып, мемлекеттік қабылдау комиссиясының шешімімен пайдалануға берілген. Алайда, 200 гектар аумақтағы егіс алқабын суландыруға арналған «Көлтоған» су қоймасы қазір істен шыққан. 2016 жылы Меркі өзеніндегі су көлемінің еселеп артуынан бөгетті су шайып кеткен. Бөгетті жөндеу жұмыстары қосымша қаржыландыруды талап етіп отыр.
Аудандағы ахуалмен толық танысып шыққаннан кейін облыс әкімі А.Мырзахметов Меркі ауданы активімен қорытынды жиын өткізді.

Бір айта кетерлігі, соңғы кездері аймақ басшысының қатысуымен өткізілетін барлық жиындардың форматы өзгерді. Бұрынғыдай сала-құлаш баяндама оқып, елдің есін шығармай, нақты мәселелер мен түйіні тарқамаған түйткілдердің шешілу жолдары айтылуда. Әсіресе, салалық басқармалардың басшылары аудандағы олқылықтарды жасырмай, кеткен кемшіліктерді ортаға салуда. Бүгінгі басқосуда да бірқатар проблемалар күн тәртібіне көтеріліп, облыс әкімі тарапынан нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, құрылыс нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық-сметалық құжаттардың құны адам сенгісіз соманы құрайды. Осы мәселе жөнінде А.Мырзахметов тиісті сала мамандарына қаржыны қайта қарап, жүйелеуді шегелеп тапсырды. Сондай-ақ, ауданда пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мақсатты пайдалану және оны түгендеу, шаруашылыққа қажетті ағын су мен жайылым жерлердің егістік жер санатына берілу мәселелерін майшаммен қарауды қадап айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі