Бүгін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барысымен танысуды мақсат еткен аймақ басшысы әуелі ауданда жүргізіліп жатқан абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының аяқ алысымен танысты. Одан ары Кәрім Нәсбекұлы Сарымолдаев ауылында болып, ондағы учаскелік полиция пунктінің, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ашылған «Ботакөз» балабақшасының, «Са-Ба ЛТД» ЖШС-нің шағын мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту және осындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын көреді деп күтілуде.

Келесі кезекте облыс әкімі «Трансферт» шаруа қожалығының қызылша алқабында болып, аудандағы көктемгі егіс жұмыстары туралы мәлімет алмақ. Сапары барысында К. Көкірекбаев өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап көрмек. Олардың қатарында Ақарал ауылындағы жөндеуден өткен мәдениет үйі, осындағы "Гүлдер" шаруа қожалығы, Андас батыр ауылындағы ұсақ және ірі қара мал бордақылау және мал сою алаңдары бар.

Сондай-ақ, аймақ басшысы осындағы іске қосылғалы тұрған балық өңдеу цехына, Гранитогорск ауылындағы күрделі жөндеуге мұқтаж №8 орта мектебіне ат басын бұрады деп жоспарланып отыр. Сапары барысында К. Көкірекбаев «Сыпатай батыр» кеден бекетінің қызметкерлеріне салынған, бүгінгі күні құрылысы толық аяқталмай, қараусыз бос қалған қызметтік тұрғын үйлердің жайымен де танысып, оны қолданысқа беру мәселелерін де қарастырады деп көзделуде.