Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы 2017 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 2018 жылдың наурызында 0,4 пайызға көтерілді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Есептік кезеңде мал шаруашылығы өнімдері 1,6 пайызға қымбаттап, өсімдік шаруашылығы 0,3 пайызға арзандаған.

2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында қарақұмық бағасы 2,7 пайызға, қара бидай - 1,8, бидай - 0,4, жүгері - 0,3 пайызға арзандаған. Ал сұлы 1,6 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар тары бағасы 1 пайызға және күріш 0,4 пайызға көтерілген.

Жылы жерде өсірілетін қияр - 24,1, орамжапырақ - 5,1, жылы жерде өсірілетін қызанақ - 3,4 және картоп пен ас қызылшасы 05 пайызға қымбаттаған. Ал сәбіз 0,8 пайызға арзандаған, сарымсақтың та бағасы 0,4 пайызға түскені байқалады. Асбұршақ 4 пайызға және күнбағыс тұқымы 3,7 пайызға түсіп отыр.

Құс етінің бағасы 3,3 пайызға көтерілген. Ірі қара малының еті - 2,2, шошқа - 1,9, жылқы еті - 0,9, қой еті 0,6 пайызға қымбаттаған.

Шикі сүт 3,6 пайызға, қойдың жүні 1,1 пайызға қымбаттаса, тауық жұмыртқасы 4 пайызға арзандаған.