Қазақстанда тауарларды есептеудің бақылау құралдары енгізілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Такиев айтты.

«Этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің және мұнай өнімдерінің заңсыз өндірісі мен айналымына қарсы тұру үшін заңсыз айналымды төмендетуге мүмкіндік беретін және сәйкесінше салықтардың жиналуын көбейтетін Есептеудің бақылау құралдары енгізілді. Қазіргі уақытта, ЕБҚ 18 мұнай өңдеу зауытында және 48 алкоголь өнімдерін өндіретін зауытта орнатылған. Алкоголь өнімдерінің және мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымы бойынша деректер нақты уақыт режімінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның операторына жіберіліп отырады», - деді М.Такиев.

Оның айтуынша, Есептеудің бақылау құралдары енгізілгеннен кейін 3 ірі мұнай өңдеу зауыты мен 4 шағын мұнай өңдеу зауытында өндірілетін бензин көлемі өткен жылмен салыстырғанда 141 мың тоннаға артқан.

«Сонымен қатар алкоголь өнімдерін өндіру көлемі де артып, 1 млрд 477 млн теңге сомасына акциздердің қосымша түсуіне әкелді», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар М.Такиевтің айтуынша, 2017 жылдың 27 қарашасында тері бұйымдарын таңбалау бойынша ілкі жоба іске қосылды. Сол уақыттан бастап 2018 жылдың наурызы аралығында Қазақстан Республикасының сауда орындарында тері бұйымдары үшін 221 046 дана бақылау біріздендіру белгілеріне тапсырыс берілген. Бұл ресми статистикалық деректерден әлдеқайда жоғары.