Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысын бастамас бұрын, барлық қызметке аязды күндері жұмыла әрекет етуді тапсырды.

"Қазірдің өзінде еліміздің алты өңірінде ауа температурасы —30 бен —40 градустың арасында. Осындай үскірік аяз еліміздің оңтүстігіндегі төрт өңірде де болады деп болжануда. Осыған байланысты облыс әкімдеріне өңірдегі жылу орталықтарының жұмысын, оның ішінде шағын қалалардағы жылыту қазандықтарын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Әсіресе аурухана, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік мекемелерге ерекше көңіл бөліңіздер. Білім беру ұйымдарында ауа райына байланысты сабақтың болмайтыны туралы халықты дер кезінде хабардар етіңіздер. Қоғамдық көлік кестеге сәйкес жұмыс істеуі керек. Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік желі – 112 үзіліссіз жұмыс істеуі тиіс", — деді үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Сағынтаев ІІМ қызметкерлеріне автожолдарда бақылауды күшейтіп, қажет болған жағдайда елді мекендерде барлық автокөлік түрі үшін қозғалысты жабуды тапсырды.

"Әкімдіктермен бірлесіп жүргізушілер мен жолаушылар үшін жылынатын жылжымалы пунктер ұйымдастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз етіңіздер. Сондай-ақ, апатты-құтқару бригаларының кезекшілігін ұйымдастырып, шұғыл медициналық қызметтерді алып жүру қамтамасыз етілсін. Аязды күндері барлық қызмет жұмыла әрекет етуі тиіс.

Мемлекеттік органдар мен жекеменшік компанияларға арнайы жүгінемін: қызметкерлерді үйге ертерек жіберіңіздер, мүмкіндігінше үйге жеткізіп тастаңыздар", — деді премьер-министр.

Сағынтаев аталған тапсырманың орындалуын қамтамасыз етуді бірінші орынбасары Асқар Маминге тапсырды.