ҚазАқпарат - Ресейден келетін туристер үшін де бірнеше рейсті ашу жоспарланған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың айтуынша, Көкшетау әуежайын қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша ішкі әуе рейстері ашылатын болады.

«Аталған рейстер Халықаралық әуежай (Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Халықаралық әуежай - авт.) арқылы жүргізіледі. Соның ішінде Ақтөбе қаласы да бар. Бұдан бөлек, Ресейден келетін туристер үшін бірқатар рейстерді ашу мәселесі пысықталып жатыр. Олар - Омбы, Орынбор мен Екатеринбург», - деді В.Крылов бүгін Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту мәселелеріне арналған жиында.

Оның айтуынша, ағымдағы жылда Ресейден Бурабайға дейінгі төте жолды да ашу жоспарланып отыр. Аталған жол «Одесское» шекара бекетінен басталып, Солтүстік Қазақстан облысының Бидайық, Ильичевка сияқты елді мекендерін басып өтеді. Соның арқасында Бурабайға келетін ресейліктер жолдың ұзақтығын 150 шақырымға қысқарта алады.

Айта кетейік, бүгінгі шара барысында Бурабайда ашылатын жаңа нысандар таныстырылды.

Ал ҚР Мәдениет және спорт миристрі Арыстанбек Мұxамедиұлы Бурабайды Лас-Вегасқа айналдырудың жолын ұсынды.