Еуропаның ірі автоконцерні Volkswagen-нің Германиядағы алты зауытында бірнеше өндірістік конвейер жұмысын тоқтатты. Ондағы 28 мың қызметкердің жұмыс уақыты қысқартылса, ал кейбірі кезектен тыс демалысқа кетуге мәжбүр болды.

 Концерн кейбір автокөліктерді құрастыруды да тоқтатқан. Оған көліктің қосалқы бөлшектерін жеткізуші компаниялармен бір мәмілеге келе алмауы себеп болып отыр. Орындықтарды қаптайтын маталар мен беріліс қорабына арналған бөлшектер уақтылы жеткізілмей жатыр. Bild басылымның ақпаратына сүйенсек, автоконцерн 500 млн еуроға тапсырыс берген. Алайда, былғарының сапасы төмен болғандықтан арадағы келісімшарт бұзылған. Дегенмен тапсырысты орындаушы компания тиісті өтемақыны талап еткен. Бірақ, Volkswagen оны төлеуден бас тартқан. Концерн Вольфсбургтегі зауытында Golf көлігі өндірісін толығымен тоқтатты. Passat да шығарылмайды. Бұл мәселе алты зауыттың өндірістік қуаттылығына кері әсерін тигізуде, деп жазады 24.kz.