Ресейдің Сочи қаласындағы аэродромнан Мәскеу уақытымен сағат 05.20-да ұшып шыққан Ту-154 ұшағы Қара теңізге құлады. Бұл туралы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап 24.kz хабарлайды.

Ресей Қорғаныс министрлігі Ту-154 әскери ұшағының Қара теңізде апатқа ұшырағанын растады.

Қара теңіз жағалауынан 1,5 шақырым қашықтықта ұшақ қирандылары, ал 5,5 шақырым қашықтықта жолаушылардың жеке заттары табылды.

Айта кетейік, ұшақ бортында 92 адам болған, оның 84-і – жолаушы, 8-і – экипаж мүшесі.

Олардың арасында «Бірінші арна», «Звезда» және НТВ телеарнасының тілшілері және Александров атындағы Академиялық ән-би ансамблінің әртістері болған. Олар Хмеймим аэродромында жаңажылдық концерт қоюға бара жатқан.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс және қауіпсіздік федералдық кеңесі комитетінің төрағасы Виктор Озеровтің мәлімдеуінше, ұшақтың құлауына террорлық акт емес, техникалық ақау немесе ұшқыштың қателігі себеп болуы мүмкін.

Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында ұшақ бортында болған жолаушылар мен экипаж мүшелерінің нақты аты-жөндері мен тізімі жарияланды.

Ұшақ бортында болған 8 экипаж мүшесі, 8 әскери қызметкер, бұқаралық ақпарат құралдарының 9 өкілі, Александров атындағы ансамбльдің 64 мүшесі және «Әділетті көмек» атты халықаралық қоғамдық ұйым төрайымы мен федералды мемлекеттік азаматтық екі қызметкері түгел қаза тапты.

Қазір Қара теңізге Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері мен тергеу топтары жұмылдырылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін ұшақ Краснодар өлкесінің таулы аймақтарына құлауы мүмкін деген хабар тараған еді.

Ұшақ 20 минуттан соң радардан жоғалып кеткен деп хабарлайды Азаттық.

ТАСС агенттігінің аймақтық төтенше қызметтегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Сирияның Латакия қаласына ұшып шыққан ұшақ Қара теңіз аймағында хабарасыз кеткен.