Аймақтағы 10 аудан мен оларға қарасты ауыл әкімдерінің жұмысы қатаң бақылауға алынатын болады. Қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін, жергілікті басқару органдарына арнайы мониторинг жасалады. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттарымен кездескен өңір басшысы Асқар Мырзахметов мәлімдеді.

Сондай-ақ, келелі кездесуде облыстағы әр салада орын алған кемшін тұстар сөз болды. Депутаттар тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылды. Мәселен, көне шаһарды көркейту жұмыстарына қалталы азаматтарды жұмылдыру, кәсіпкерлерді қолдауды одан әрі күшейту, аудан және ауыл аймақтарды дамыту ісін қолға алу. Басқосуда айтылған тағы бір мәселе- сал ауруымен туған балаларды емдеу орталықтарын ашу ісі. Өйткені, өңірімізде даму мүмкіндігі шектеулі сәбилерді емдейтін реабилитациялық орталықтың жоқтығынан, ата-аналар Алматыға сабылуға мәжбүр. Депутаттардың уәжін мұқият тыңдаған облыс басшысы, бұл мәселеден хабардар екенін айтып, жақын арада шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар, жиында жергілікті басқару органдарының жұмысы жайы да сөз болды. Ол үшін қатаң тәртіп пен жүйелі бақылау керек.

– Жалпы, ауыл әкімдерінің аппаратында 1000 адам бар деп алайықшы. Ал, енді біз сол 1000 адамнан қаншалықты пайда көріп отырмыз? Олардың бәрі «барып кел», «шауып кел» ма? жоқ, әлде, әрбір ауылдық округтың әкімі сол елдімекеннің төңірегінде жер мәселесін біліп отыр ма? Қандай шаруа қожалықтары бар? Олардың қандай проблемасы бар? Осыларға қатысты, 1000 адам не істеп отыр? Рейтингтен бұрын, ауылдың әкіміне дұрыс талап қою керек, – деді өңір басшысы.