Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) топтық кезеңінің төртінші турында "Астана Арландары" ресейлік "Patriot Boxing team" командасының боксшыларын тізе бүктірді.

Алғаш болып рингке 52 келі салмақта жұдырықтасатын Олжас Сәттібаев және Вячеслав Ташкараков шықты. Бар жоғы үш раундқа созылған жекпе-жекте қазақстандық боксшы уақытынан бұрын жеңіске жетті.

60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Закир Сафиуллин "Астана Арландары" қоржынына екінші ұпайды салды. Қазақстандық боксшы "Патриот Боксинг Тим" өкілі Артур Субханкуловтен - 3:0 (49:46, 49:46, 49:45) есебімен басым түсті.

"Астана Арландарының" үшінші жеңісіне Асланбек Шымбергенов жетті. 69 келіде ол ресейлік Шахабас Махмудовты үш раундтың қорытындысы 3:0 (50:45, 49:46, 50:45) бойынша тізе бүктірді.

Айта кетейік, бұл кездесуге дейін "арландардың" қоржынында 9 ұпай болған. Ресейлік боксшыларды жеңгеннен соң "Астана арландары" уақытынан бұрын топтық кезеңінен шықты.