Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес 12 раунд бойы жұдырықтасып, тең түсті.

Лас-Вегастағы 20 мың адамға арналған T-Mobile аренасында күллі әлем тағатсыздана күткен жекпе-жек өтті.

Қос боксшының да кездесуге сақадай сай келгені алғашқы раундтардан-ақ белгілі болған еді.

Бірінен бірі біресе басым түсіп, біресе соққы жіберіп он екінші раундқа дейін жеткен олар төрешілердің шешімі бойынша тең түсті.

Осылайша, 37 жекпе-жегін тек жеңіспен аяқтап келген қазақстандық боксшы Головкин өз мансабында алғаш рет қарсыласын жеңе алмады. Және жеңіліп те қалмады.

Мұндай нәтижені жанкүйерлер түгілі боксшының өзі де күтпеген болу керек.

Төрешілердің шешімінен кейін сөз алған Геннадий барын салып жанкүйерлік еткен жігіттерге қазақ тілінде алғысын білдірді.